ОЗЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТӘСІЛДЕРДІ ҮЙРЕТТІ
Оңтүстіккореялық мамандар қатерлі ісікпен күрестің озық тәсілдерін отандық дәрігерлерге үйретті.
Қызылорда емханалары онкологиялық ауруларға қарсы скрининг жүргізудің екінші сатысына көшті.
Қатерлі ісікті ерте анықтау және тиімді емдеу сапасын арттыруға бағытталған бағдарламада зертханалық талдаулар күшейтіледі. Мамандардың айтуынша, салаға неғұрлым тың технология енгізілсе, соғұрлым диагностика нәтижелі болады. Осы ретте оңтүстіккореялық мамандар қатерлі ісікпен күрестің әлемдік тәжірибеде қолданылатын озық медициналық тәсілдерін сырбойылық дәрігерлерге үйретті.
Рысты Алдабергена алты жылдан бері өкпеге жабысқан обырмен алысып келеді. Қайта оның ауруы жоспарлы скрининг арқасында ерте анықталған. Екі операция жасатып, оңалту жүйесін қабылдағалы науқастың беті бері қарады. Қазір ол ұдайы дәрігерлер қарауында.
Рысты Алдабергенова, қала тұрғыны:
– Өкпеме бір қара дақ түсіп, сол кезде келгенмін. Екі операция жасады. Біріншісінде өкпенің үштен бір бөлігін, келесі жолы барлығын алып тастады. Осы жаққа келіп емделдім. Қазір жақсымын.
Облыстың онкологиялық орталығында қазір 4 жарым мыңдай адам тіркеуде тұр. Сырбойылық ақ халаттылар емханалардың техникалық жаңғыртылуы арқасында жылына жүздеген науқасты дерт күшіне мінбей тұрып, ерте анықтау үстінде.
Шахмарат Оспанов, облыстық онкологиялық орталығы директорының орынбасары:
– Өткен жылы 1 сантиметрлік ісіктің өзін айқындай алатын ультрадыбыстық аппарат алдық. Ал биыл сәулелік терапия қондырғыларын жаңғыртып жатырмыз. 3D құрылғы сәулелік терапия кезінде гамма жарықтарын азайтады.
Цифрлық технология және озық емдік шаралар әсіресе диагностикаға көптеп енгізілу үстінде. Соның бірі – сұйық цитология. Оңтүстіккорейлік мамандар гинекологиялық ауруларды бастапқы кезеңде анықтайтын тәсілдің қолдану аясын кеңейтуді ұсынып отыр.
Ким Джонг Хён, профессор (Оңтүстік Корея):
– Жергілікті дәрігерлердің үйренуге деген ынта-жігері қуантып отыр. Көптеген өзекті сауал қойылды. Біздің алдымызда бірлесіп, сұйық цитология тәсілінің тиімділігін арттыру міндеті тұр.
Елбасы Жолдауында көрсетілген заманауи цифрлық жүйені енгізу арқасында Сыр дәрігерлері өлім-жітім көрсеткішінің 8 пайызға азаюына қол жеткізді.
24.kz

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика